Камчаткадағы қазақ: түсіме туған ел кіреді

Камчаткадағы қазақ: түсіме туған ел кіреді

Ресейден ең шалғай аумағындағы Камчатка түбегінде өз ұлтымыздың жанашыры барын білдік. Әскери мамандықты игеріп, 23 жыл осы салада қызмет етіп (әскери қызметкерлерге 1 жылдық тәжірибе 2 жылға саналады), зейнетке шыққан. Қазақстанның оңтүстік өңірінің тумасы Сержан Рысбайұлы  Камчатка өңірінде қазақ қоғамының негізін қалаған. Ана тілі мен қазақтың салт-дәстүрін өзге елде жүрсе де, мәртебесін көтеріп, өскелең ұрпаққа үйретуді мақсат ететін алға тартты. Назарларыңызға сұхбатты ұсынамыз.

-Сонау Ресейдегі шалғай Камчаткаға қашан көшіп бардыңыз? Мәскеуге дейін 9 сағат ұшады дейді… Қиыр Шығысқа қайдан кетіп жүрсіз?

– Көшіп бардыңыз деген сөз жоқ қой. Біз Кеңес дәуірінде туып өскен соң, он жылдық мектепті бітіріп, әскери оқу орнына түстім. 1989 жылы Ресейдің Тула  қаласындағы “Тула жоғары артелериялық-инженерлік училищесінде” бес жыл оқыдым. 1994 жылы кызмет бабымен Камчаткаға келдім. Одан әрі Чукоткаға бардым. Ол жердегі Гудым, Проведение деген елдімекендерде бір жылдай қызмет еттім. Одан кейін Камчаткаға келіп, 2002 жылға шейін осында қызмет атқардым. Сосын штат кыскартылуымен, мен Солтүстік Кавказға қоныс аудардым. Ол жақта тоғыз ай әскери қызметте болдым. Сосын Ленинград облысының Выборг деген қаласында үш жыл, одан әрі Петрозаводоск қаласында бір жыл қызмет атқарып, кейін Санкт-Петербургтің өзінде бір жыл қызмет еттім. 2006 жылы алты айлық кәсіби дайындықтан өтіп, Камчаткаға қайта келдім.  Сол жерде Техникалық базада штаб бастығы болып қызмет етіп, 2012 жылы 2 дәрежелі капитан шенімен зейнетке шықтым. Қысқаша өмір тарихым осы, айналайын.

– Қазақстанның қай өңіріненсіз? Ата-тегіңіз туралы айта кетсеңіз.

– Өзім сол Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Майлыбұлақ елдімекенінде туып-өстім. Кір жуып, кіндік қаным туған жер сол ел. Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады дейді ме? Тегім қызықтырса, Ұлы жүз, Дулат оның ішінде Сиқымнан тараған Қусирақпын. Келіншегім – қазақ. Ол да Оңтүстік өңірдің Төлеби ауданы, Зертас ауылынан. Руы – Дулаттың ішіндегі, Жаныс оның ішіндегі – Қапал. Бір бала, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Бүгінде отбасыммен осы Камчаткада тұрамыз.

– Ол жақта тұратын қазақтар көп пе?

– Камчаткада 300 ден аса қазақтар бар. Олардың көпшілігі этникалық қазақтар. Орынбор, Омбы, Алтайдың, Астраханьның қазақтары. Олардың барлығы қызмет бабымен келгендер. Олардан да басқа Қазақстаннан келген еңбек мигранттары да бар.   Зейнетке шыққан соң да, сол салада (әскери бөлімде) қызмет етудемін. Өзім қалап оқыған мамандық болған соң, зейнеттен соң әрі қарай жалғастыра берейін деп шештім.

– Камчатканың табиғаты кереметтігімен ерекшеленеді емес пе? Бұл өзі ерекше бір өңір емес пе?

– Камчатская облысы мен Коряк автономдық округі осыдан он бес жыл бұрын бірігіп, Камчатка өлкесі болып аталды. Қазіргі кезде 300 мыңдай халық мекендейді. Оның ішінде 134 әртүрлі ұлт өкілдері өмір сүреді. Табиғаты өте тамаша. Қысы өте көп айға ұласады. Қазан айынан бастап, мамыр айына дейін қыс мұнда. Тынық мұхитының тектоникалық белдеуде жатуына байланысты жанартаулық және жер сілкіну әрекеттері күшті жүреді. 160 жанартаудың 30-ы үнемі әрекетте. Ыстық бұлақтар мен гейзерлер көп. Табиғи ресурстарға бай. Алтын шахталары жұмыс істейді. Ішкі өнімдері де жақсы дамыған. Ар жағы Америка. Бір сағаттық жер, тиіп тұр деседе болады.

– Өзге елде жүрген жан ең бастысы қандай қасиеттерді ұмытпағаны жөн? Қиырға кеткен қандастарға не айтасыз?

– Көбісінің басты сұрағы осы. Бірінші айтарым өзің қазақ болып туған соң ешуақытта ана сүтімен келетін қазақ тілін ұмытпауы керек. Мейлі, қай жерде жүрсең де. Екіншіден қай жерде жүрсең, қазақтың дәстүрін ұмытпа. Үшіншіден қазақ өте қонақжай халық. Қайда жүрсе де қонақжайлылығын ұмытпаған жөн. Төртіншіден қай жерде болсаң да, қалай жақсы өмір сүрсең де туған жеріңді ешуақытта ұмытпа. Әйтеуір туған еліңе қайтуың керек!

– Осы тұста орайы келген сұрақ қояйын. Елге қайту ойыңызда бар ма?

– Әрине. Дәл қашан қайтатынымды айта алмаймын. Алайда түбінде елге қайтуды  жоспарлап қойдым. Астана қаласынан 3 бөлмелі пәтер алып, дайындалып қойдық. Оны ойластырып жүргенім жасырын емес.

– Шетелдегі қазақтардың бір-біріне ұқсастығы неде?

– Бәріміз бірдей қазақпыз. Айырмашылығымыз жоқ. Тек үш жүзге бөлінетініміз, төре мен қожа деп бөлінбесе, былай ешқандай айырмашылық жоқ. Шетел деп сонау Англия, Германияны айтуға болады. Біз Кеңес дәуірінде туып, өсіп, сол кезде әскери ант бердік. Одан кейін ешкімге ант бермегенмін. Сол Кеңестік кезде тәрбиеленген соң, Ресей мен Қазақстанның арасында шекара жоқ деп ойлаймын. Өйткені экономикалық, мәдени, этникалық қарым-қатынасымыз бірдей. Ресей Федерациясы басқа мемлекеттерге қарағанда,  ең үлкен шекара аралығы – 7600   шақырым. Алайда Ресейде тек орыстар, Қазақстанда қазақтар ғана емес, 150 ден көп халык өкілдері араласып тұрады. Ал Камчаткада 134 елдің өкілдері тұрады. Тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да  арамызда шекара болмауы керек деп ойлаймын. Мәселен, жуырда ғана Мәскеудің төрінде бүкіл Ресей қазақтарының кездесуі өтті. Арқа-жарқа болып кездесіп қайттық. Жер арасы шалғай болса да қазағым деп бардым. Сол шараға ұйытқы болған ҚР СІМ “Отандастар қорының” президенті Абзал Сапарбекұлы бауырыма мың Алғыс!

– Үйде қай тілде сөйлесесіздер?

– Қазақша да, орысша да сөйлесеміз. Өзім де, бала-шағам да қазақ. Үйде қазақша сөйлегенмен, балаларым орыс мектебінде оқиды. Қазақ болған соң, өз тілімізде сөйлесіп, сал-дәстүрімізді ұстануымыз керек. Мен өзім жанұямдағы он бір баланың оныншысымын. Анам мені туғанда “Батыр ана” атағын алған. Әр отбасында бір бұзық болады ғой. Сол бұзық мен болған шығармын. Оқуға Ресейге кеттім. Ол кезде бұлай мемлекеттер бөлініп кетеді деп ойламадық. Бәріміз бір ұлттың, бір жұрттың баласындай тату-тәтті өмір сүрдік. Әлі күнге дейін дейін сол өзге ұлт өкілдерінің жігіттерімен арамыз түзу. Бірге оқыған, әріптестермен жақсы араласамыз. Әлі күнге үйде қазақша сөйлесіп, орыс тіліне жұтылып кетпей отырғаным сол бұзықтықтың арқасы шығар (күлді).

– Өзге ұлт өкіліне қыз ұзату немесе өзге ұлттан келін алуға қалай қарайсыз?

– Ондайды құптамаймын. Дұрыс емес қой! Өйткені қазақ қазақпен ғана бас құрауы керек. Қазаққа үйлену керек. Қазақта құдалық деген болады. “Құда мың жылдық” деген. Сондықтан да өз ұлтыңмен көңіл жарастырған дұрыс.

– Өзіңіз Камчаткадағы қазақтардың басын қосқан ұйым құрыпсыз. Ол қандай ұйым және немен айналысады?

– Бұл жердегі әртүрлі ұлт өкілдерінің өз қоғамдық мекемелері болатын. Әзірбайжан, қырғыз, өзбек, украина,  беларус және де басқа ұлттарының диаспорасы бар екен. Қарап тұрсам қазақтардың ғана ұжымы жоқ екен. “Ақ жол” атты  Камчатка аймақтық қоғамдық ұйымын ұйымдастыруды ойластырдык. Ойлап қана қоймай, жүзеге асыруды да көздедік. Мемлекеттік әділет органына тіркелдік. Бүгінде жоспарланған жұмыстар көп. Өз мәдениетімізді көрсетіп, ана тілімізге құрмет көрсетуді үйрету, жастардың санасына сіңіру міндетіміз. Сондықтан да кішкентай балалардың тарихи Отаны – Қазақстан – қандай ел екенін, қай жақтан келгендерін ұғындыру  басты мақсат. Біз “Содружество” деген ұйымның құрамына кіреміз. Біз сияқты әртүрлі ұлттардың 37 ұжым кіреді. Камчатка өңірінде болып жатқан мейрамдарды бірге мейрамдаймыз, өз ұлтымыздың атынан құттықтау сөздер айтып өтеміз. Осы айдың 24 не “Мы славяне” деген орыс, белорусь, украин ұлттарының мейрамы аталып өтеді. Соған шақырту алдық. Одан бөлек күзге қарай “Этно сұлуы” деген сайыс өтеді. Әр ұлт өкілінен арулар қатысатын болады. Мақсатымыз, сол болатын сайыста Қазақтын сұлу қызын өз мәдениеттілігмен көрсету. Өзіңіз сияқты Сұлу қазақ қыздар Камчаткадада бар.

Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Меруерт АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow