Жамбылдық шаруалар белгілі француз компаниясымен бірлесіп жұмыс істеуде
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов «Florimond Depres» компаниясының директоры Джером Рене Генримен кездесті.
Түрлі дақылдардың селекциялық бағдарламаларымен айналысатын франциялық компанияның мамандары ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөліп, тұқымның жаңа сорттарын шығаруға ден қойып келеді.
– Біздің облыс 2016 жылдан бастап компаниямен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Тығыз байланыстың арқасында біздің шаруалар жақсы тұқым алып, мол өнім жинауда. Алдағы уақытта да белсенді және нәтижелі бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайынбыз, - деді Нұржан Нұржігітов.
Бүгінгі таңда қант қызылшасын өсірумен айналысатын 52 шаруашылық өкілдерімен тұқым сатып алуға келісім-шарт жасалған.
Джером Рене Генри ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша өзара байланысты нығайтуға дайын екендігін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасына, «Тараз» ӘКК-не нақты тапсырмалар жүктеді.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 770,4 мың гектарды құрады.
Ағымдағы жылдан бастап қант қызылшасын субсидиялау нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайып отыр. Бұл мақсатқа 6 млрд. теңге қарастырылған.
Сіздің реакцияңыз қандай?