Қытай екі мемлекеттің аумақтарын қоса енгізген жаңа карталарын көрсетті
Қытайдың "Стандартты карталардың картографиялық қызметі" мемлекеттік сайты 2023 жылға арналған ресми бекітілген географиялық карталардың жаңа жинағын шығарды. Онда Ресей аумақтарының бір бөлігі Қытайдың бөлігі ретінде белгіленген.
Картада 2008 жылы Ресей мен Қытай арасындағы келісім бойынша бөлінген Амур өзенінде орналасқан Үлкен Уссурийский аралы елдің ең шығыс нүктесі ретінде бөлек көрсетілген.
"Типтік карта Қытай мен әлемнің басқа да елдерінің шекарасын жобалаудың ұлттық стандарттарына сәйкес жасалған. Жаңа ресми карталар жинағы жаңалықтарда, кітаптарда, жарнамалық материалдарда иллюстрация ретінде пайдалануға арналған. Оларды анықтамалық карта ретінде де пайдалануға болады", –делінген түсіндірмеде.
“РИА Новости”-дің хабарлауынша, Қытай Оңтүстік Тибет деп атайтын Үндістанның Аруначал-Прадеш штаты мен 1962 жылғы соғыс кезінде Қытай басып алған Ладактағы шекаралық Аксай-Чин аймағы да жаңа географиялық картада Қытай территориясының бір бөлігі болып көрсетілген.
Үндістан Қытайға "Аруначал-Прадеш Үндістанның ажырамас бөлігі болған және әрқашан болып қала береді" деп бірнеше рет мәлімдеді. Үндістан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ариндам Багчи картаның жариялануына байланысты Бейжіңге қатаң наразылық білдірді.
Карта сонымен қатар Қытайдың Тайвань аралына деген талабын және Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізінің көп бөлігіне деген талабын білдіретін "тоғыз сызықшаны" көрсетті.
Сіздің реакцияңыз қандай?