Жамбылдық үздік оқушылар облыс әкімдігі ғимаратына экскурсия жасады
Жамбыл облыстық әкімдігінің ғимаратында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың өңірлік кезеңінің 54 жеңімпазы үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
Олар алдағы уақытта республикалық пән олимпиадаларында облыс атынан сынға түсетін болады.
Экскурсия барысында оқушылар облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездесіп, өздерінің жеңістері мен жетістіктері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, олар болашақ жоспарларымен бөлісіп, мамандық таңдауға қатысты аймақ басшысының пікірін тыңдады.
- Сіздердің әрбір жеңістеріңізде ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың да зор еңбегі бар. Түрлі деңгейдегі оқу-білім сайыстарында сіздер Жамбыл облысының намысын қорғайсыздар.
Еліміздің болашағы – бәсекеге қабілетті білімді жастардың қолында. Сондықтан сіздер сапалы білім алып, білікті маман атануларыңыз аса маңызды. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, - деді облыс әкімі.
Бұл күні ең әуелі облыс әкімінің кабинетіне экскурсия жасаған оқушылар аймақ басшысымен естелік суретке түсті. Аймақ басшысы оларға естелік ретінде ойшыл ақын Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» табыс етті.
Сондай-ақ, оқушылар түрлі кеңестер, келіссөздер мен кездесулер өтетін залдар, облыстық мәслихаттың, мемлекеттік қызметкерлердің кабинеттерін және азаматтарды қабылдау бөлімшелерін аралап, жұмысымен танысты.
Айта кетейік, қазіргі таңда республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысына сәйкес, жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сыныптардың 330 оқушысы жүлдегер атанды. Ал, олардың 64-і республикалық кезеңге жолдама алып отыр.
Бұдан бөлек, өткен жылы 38 жамбылдық оқушы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болса, олардың ішінде 3 жасөспірім республикалық құрама сапында халықаралық олимпиадаға қатысады.
Өз кезегінде балалар алған әсерімен бөлісіп, ризашылығын жеткізді. Солардың бірі – «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы, химия пәнінен оқушылар арасында халықаралық Менделеев олимпиадасының қола медаль иегері Диас Көршібек.
- Білімін жетілдіріп, түрлі зияткерлік жарыстарда табандылығымен марапаттарға ие болған үздік оқушылардың қатарында болу мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі экскурсия барысында мемлекеттік қызметшілердің жұмысымен танысуға мол мүмкіндік туды. Облыс әкімімен көптеген қызықты тақырыптарды талқыладық. Аймақ басшысы өзінің еңбек жолы туралы айтып, пайдалы кеңестерімен бөлісті, - деді ол.
Жалпы, Жамбыл облысының командасы республикалық ғылыми жобалар байқауында 14-ші жыл қатарынан үздік деп танылды. Бұл сында біздің оқушылар 3 алтын, 15 күміс пен 17 қола медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ, өткен жылы 2-7 сыныптың 65 оқушысы «Зерде» зерттеу жұмыстары, «Менің кіші Отаным» жас тарихшылар, «ProEco» экологиялық жобалар мен Төкен Омаров атындағы ғарыштық физика және астрономия бойынша байқаулардың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған.
Сіздің реакцияңыз қандай?